Jibek Joly арнасы жаңа телемаусымда қандай бағдарламалар ұсынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –1 қыркүйектен бастап «Jibek Joly» деген атпен көрерменнің көзін қуантқан бұрынғы QazaqTV телеарнасы жаңа телемаусымда көрермендерді әрқилы контентпен қуантпақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Jibek Joly арнасы жаңа телемаусымда қандай бағдарламалар ұсынады

Дәстүрлі түрде күзде басталатын телевизия маусымында бұл арна «Жаңа уақыт», «Новое время» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын, «Ел» саяси ток-шоуын, Ләйлә Сұлтанқызының авторлық бағдарламасын, Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдинаның «Жақсы адамдарым» атты музыкалық шоуын ұсынады.

Көрермен қалауы негізінде Нұрлан Қоянбаевтың «Жаңа түнгі студиясы», «Шетелдегі қазақ балалары» және «Қандастар» бағдарламалары көгілдір экранға қайта оралып отыр.

Арна өнімдерінің арасында ҚР Президенті Телерадиокешенінің бірегей деректі контенті де бар. Яғни, телерадиокешеннің алтын қорына енген жобалар мен фильмдер көрермен назарына ұсынылады.

Арнаны бүкіл Қазақстанның аумағында цифрлық эфирлік, спутниктік және кабельдік теледидарда, сондай-ақ арнаның ресми сайтында онлайн-көрсетілім арқылы тамашалауға болады. Ал «Jibek Joly World» брэнді ел имиджін ілгерілетуге бағытталған. Қазақстаннан тыс аумақта бұрынғыдай әлемнің 120-дан астам елінде елінде қазақ, ағылшын, орыс, қырғыз және өзбек тілдерінде көпарналы форматта хабар таратылады.

Шетелдік көрермендердің назарына Қазақстанның тарихы, бірегей табиғаты, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы баяндайтын 40-тан астам ақпараттық-танымдық бағдарлама ұсынылады. Олардың ішінде көрермен сүйіп қарайтын «Outdoor Central Asia», «Welcome to Kazakhstan», «My day in Kazakhstan», «Kazakh brand», «Searching for Mystery», «Ken dala» жобалары және бірқатар авторлық сараптамалық бағдарламалары бар.

«Jibek Joly» - 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап ҚР Президенті Телерадиокешенінің құрамына кіретін Qazaq TV спутниктік телеарнасының жаңа атауы. Естеріңізге сала кетейік, QazaqTV арнасы 2002 жылдың 25 қазанында Caspionet атауымен хабар тарата бастады. Бұл арна кейінгі жылдары шетелдік аудиторияға ғана хабар таратты. Енді арна «Jibek Joly» брэндімен Қазақстанның телевизиялық нарығына қайта оралып отыр. «Jibek Joly» телеарнасы тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады. Арнаның бірегей хабар тарататын әлеміне ену үшін теледидардың жетінші түймесін бассаңыз болғаны.