Jibek Joly арнасында «Ел» ток-шоуы: Жалқының мәселесін жалпымен шешу
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Jibek Joly» телеарнасында 19 қыркүйектен бастап «Ел» бағдарламасы эфирге шығады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне бағдарлама продюсері Әлия Құдайберген айтты.
«Ел» ток шоуының продюсері Әлия Құдайбергеннің сөзінше, түсірілім бүгін басталды.

«Түсірілім басталды. «Ел» - әлеуметтік-тұрмыстық хабар. Ток-шоу қарапайым халықтың мұң-мұқтажы мен проблемасына арналған. Кейіпкерлер еліміздің барлық аймағынан келеді. Айта кететін жәйт, хабарға қатысатын адамдардың жол-шығынын өзіміз көтереміз. Бағдарлама кейіпкерлерінің саны шектелген, төртеуден аспайды. Өйткені, көрермендерді жалықтырып алмауымыз керек. Ал бағдарламаның жүргізуші - актер, драматург Нартай Сауданбекұлы»,- дейді Әлия Құдайберген.
Оның айтуынша, қазіргі күні бағдарламаны түсіруге 50-ден астам қызметкер атсалысып жатыр.

«Түсірілім тобының мақсаты - әлеуметтік проблеманың шешілуіне ықпал ету. Жалқы адамнан, жалпыға өту. Кейіпкерді шақырып қана қоймаймыз, оның мәселесін түбегейлі зерттеп, оң шешімін табуға көмектесеміз. Ток- шоу «Jibek Joly» арнасынан аптасына үш рет - дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері эфирге шығады. Сонымен қатар, YouTube платформасынан да көруге болады. Эфир уақытының ұзақтығы 54 минут»,- деді продюсер.
Еске салайық, «QazaqTV» телеарнасы ребрендинг жасап, атауы «Jibek Joly» болып өзгерді. Телеарнаның атауы ғана емес, хабар тарату кестесі де өзгерді. Ендігі уақытта «Jibek Joly» телеарнасын теледидар пультінің 7 санын басу арқылы көруге болады.





