Jibek Joly телеарнасы Қостанай облысындағы өрт туралы журналистік зерттеу жасады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Jibek Joly телеарнасы Қостанай облысындағы орман өрті туралы деректі фильм көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазір арнаның түсірілім тобы аймаққа арнайы барып, өрт болған жерде журналистік зерттеу жүргізіп жатыр. Деректі фильмге оқиға орнындағы ахуал, қостанайлықтардың төтенше жағдайдағы тыныс-тіршілігі арқау болмақ.
Деректі фильмнің авторы Андрей Деменоктың айтуынша, түсіру тобы Қостанай облысында жексенбіден бері жүр. Қазір өрттен ең көп зардап шеккен Аманқарағай ауылын түсіруде.
«Ормандағы өрт ауылғы үш бағыттан келді. Ол кезде тұрғындардың көбі қауіпсіз жерге көшіріліп қойған болатын. Қараусыз қалған үйлер жанып кетті. Ал түрлі себептермен кетпей қалғандар үйлерін өрттен сақтап қалды. Өртке күйген малдың суреттері бар. Көбінің қорасы отқа оранды. Қазір жұрт үйлеріне қайтып жатыр. Бірақ жарық пен газ жоқ. Біреу генератор берген екен, қазір бүкіл көше тұрғындары осы жалғыз генераторға кезекпен тамақ істейді» - деді Андрей Деменок.

Оның айтуынша, өрт шалған үйлердің орнында пештер мен металдан жасалған кіреберіс қақпалар ғана аман тұр. Үй иелері заттардың керекке жарайтынын баспанасы өрттен аман қалған көршілеріне тыққызып, күні бойы күйбең тірлікпен алданып жүр.
«Ауыл халқы бір-бірімен сөйлесе қалса, гуманитарлық көмек туралы айтады. Бәрінің алаңдайтыны өтемақы мәселесі. Тілсіз жаудың осынша ауқым алып кетуіне кінәлілер жазалануы керек десіп жүр. Өрт ауылға кеп қалғанда эвакуциялық шаралар шалағай ұйымдастырылғанын, халықты сабырға шақырып, қауіптің бетін тойтаруы тиіс салалық орган өкілдерінің өзі бірнші дүрбелеңге бой алдырғанын айтушылар көп. Көбі бүкіл мүлкін тастап, құжатын ғана алып кетуге мәжбүр болған. Тұрғындардың айтуынша, үйлердегі өртті сөндіруге ешбір техника бөлінбеген, себебі бар техника мұнай базасын құтқаруға жұмылдырылған», - дейді Андрей Деменок.

Ол сондай-ақ, волонтерлердің қажырлы еңбегіне ерекше тоқталды. Орталық пен ауыл арасында дамылсыз көмек тасып шапқылап жүрген еріктілердің дені жастар екенін айтады.
Мүлкінің бәрі отқа оранған тұрғындарға ең әуелі ет, жарма, макарон өнімдері қажет. Сондай-ақ төсек-орын жабдықтары мен гигиена құралдары керек.
«Мұндағы халықтың көбі өң мен түстің арасында жүргендей. Күні бойы көңілі күйбең тіршілікке ауып, қас қарайған кезде ғана баратын үйлері қалмағанын түсінеді. Сол кезде қиын. Көбі ресми мәлім етілген мерзімде үйлердің салынып бітетініне күмәнданады. Солтүстік аймақ болғандықтан бір айдан кейін суық басталады», - дейді фильм авторы.
«Шынайы журналистік зерттеу» айдарымен жексенбі күні кешкі сағат 19.30-да шығатын деректі фильмде өңірге Президент келген кезде, кадр сыртында қандай жайттар болғаны туралы мәліметтер айтылады.

Жоба авторының айтуынша, тұрғындардың өрттің неге осынша ауқым алып кеткені туралы өз болжамдары бар.
«Шынайы журналистік зерттеу» бағарламасының бұған дейінгі саны Алматы – Нұр-Сұлтан жолының ұзаққа созылып кеткен құрылысына арналған болатын.
«Біз маңызды тақырыптарды қозғауға, оларды жария етуге, адамдардың шынайы өмірін, олар қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын көрсетуге тырысамыз. Форматы да сәл өзгеше. Кадрда журналистен гөрі кейіпкерлер көбірек сөйлейді. Бұл фильмнің шынайы болуына қажетті тетік», - дейді Андрей Деменок.
