Jibek Joly телеарнасында Айгүл Мүкей жүргізетін жаңа бағдарламаның тұсауы кесіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Осы сенбіде Jibek Joly телеарнасында «Без прикрас» бағдарламасының тұсаукесері өтеді. Бағдарлама жүргізушісі – танымал журналист Айгүл Мүкей, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Jibek Joly телеарнасында Айгүл Мүкей жүргізетін жаңа бағдарламаның тұсауы кесіледі

Жоба авторларының атап өтуінше, бұл – бейресми жаңалықтарға қатысты жаңа турашыл бағдарлама. Онда сән, музыка, шоу-бизнес, әлеуметтік желіде пайда болған трендтер сынды салаларды қамтитын мүлдем әртүрлі тақырыптар қозғалады. «Без прикрас» бағдарламасының тележүргізушісі Айгүл Мүкей көрерменмен бірге әр адамды толғандыратын даулы оқиғаларды, әлемдік жұлдыздардың өмірін, сіз біле бермеуіңіз мүмкін Қазнеттегі ең өткір жаңалықтарды талқыға салады.

Бағдарлама тележүргізушісінің атап өтуінше, шығармашылық топ мұны әділ әрі боямасыз шынайы жасап, өмірде тура сол қалпында көрсетеді.

Бір бағдарламада бірнеше тақырып қамтылады. Алғашқы шығарылымда көрерменді TikTok-тың қазақ тілінде қолжетімділігі жайлы жаңалық қуантатын болады. Сонымен қатар таяу жылдары Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін не күтіп тұрғаны, әншілер Майли Сайрус пен Шакираның сүйіктілерінен қалай әдемі құтылғаны жайлы сөз қозғалады. Желіні Eminem, Snoop Dogg және 50 Cent тректерімен шулатқан талантты нейрокреатор бағдарлама қонағы болмақ.

«Без прикрас» бағдарламасы әр сенбі сайын сағат 15:00-де Jibek Joly телеарнасында көрсетіледі.