Johnson & Johnson рұқсат етілмеген тауарларды сатқаны үшін ескерту алды
АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат - Johnson & Johnson Компаниясы (J&J) FDA саудалауға рұқсат бермейтін екі тауар түрін сатқаны үшін АҚШ-та өнімдер мен дәрі-дәрмектерді бақылау жөніндегі Басқармадан ескерту алды, бұл америкалық заңдылық бойынша өрескел құқық бұзушылық болып саналады және айыппұл төлеуге мәжбүрлеуі мүмкін, деп жазады Вести.Ру.
Басқарманың ресми хатында, J&J қарайтын DePuy Orthopaedics Inc. компаниясы өзінің сайтында және каталогында бекітілмеген Corail Hip System аталатын дәрігерлік құралды, сондай-ақ дәрігерге емделушінің тізесінен 3-D суретін алуға мүмкіндік беретін TruMatch Personalized Solution System аппартын ұсынады, деп жазылған.
Жақында J&J компаниясы Жапония және Азияның басқа да бірқатар елдеріне сатқан бір күндік көз линзаларының үлкен партиясын кері қайтарып алатынын жариялады. Линзаны қайтарып алуға, оны пайдаланушылар атынан шағымдардың толассыз түсіп жатқандығы себеп болып отыр.
1886 жылы негізі қаланған J&J компаниясы, тұтыну тауарларын, фармацевтикалық өнімдер, медициналық және диагностикалық қондырғылар шығарады. Штаттық құрылымы 110 мың адамды құрайтын компания әлемнің 57 елінде жұмыс істейді.