Jusan bank 100 млрд теңгені мемлекетке мерзімінен бұрын қайтарды

жусан банк
Фото: QAZAQ ASSOCIATION OF MINORITY SHAREHOLDERS

АСТАНА. KAZINFORM — Jusan bank «Самұрық-Қазынадан» өз облигацияларын сатып алып, мемлекет көмегінің 100 миллиард теңгесін мерзімінен бұрын қайтарды.

Банк 2024 жылғы 9 сәуірде First Heartland Jusan Bank АҚ (Jusan Bank) «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-дан 100 млрд теңгеге реттелген облигациялар шығарылымын мерзімінен бұрын сатып алғанын хабарлады.

«2023 жылдың ортасында Jusan Bank Қазақстан юрисдикциясына қайтарылғаннан бері банк бизнес-процестерді жақсарту, шығындарды оңтайландыру, бизнестің тиімділігі мен табыстылығын арттыру бағытында көптеген жұмыстар атқарды. Осы жұмыстардың тұтас кешені қаржылық тұрақты және әлеуметтік жауапты қазақстандық мекеме, мемлекеттің сенімді серіктесі ретінде банкке мемлекет көмегінің бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтаруға мүмкіндік берді», — деді Jusan Bank-тың директорлар кеңесінің төрағасы Ғалымжан Есенов.

Естеріңізге сала кетейік, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректері бойынша 2024 жылғы 3 сәуірге мемлекеттік қолдау Jusan Bank, Bank RBK, Halyk bank, «Банк ЦентрКредит» (ЦКБ), «Еуразиялық банк» және «Нұрбанк» секілді 6 қаржы ұйымында жалпы сомасы 1,7 трлн теңгеге сақталды.

Агенттік банктің мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор, Ұлттық банк және (немесе) оның еншілес ұйымдарының қаражатын пайдалана отырып орналастырылған, сатып алынған немесе банкке берілген салымдар, облигациялар, қарыздар бойынша, оның ішінде банктің қаржылық орнықтылығын және (немесе) сауықтырылуын қамтамасыз ету үшін квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы банктің міндеттемелері мемлекеттік қолдау деп танылатынын атап өтті.

2024 жылғы 8 сәуірде Halyk bank мемлекет алдындағы мемлекеттік қолдау шеңберінде алынған 250 млрд теңге мөлшеріндегі берешекті мерзімінен бұрын өтегенін хабарлады. Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова Halyk Bank өзі тікелей мемлекеттік қолдау алмағанын атап өтті.

2015 жылы оларды қолдау аясында БТА мен «Казкомерцбанкке» ақша бөлінді.

Соңғы жаңалықтар