Қ.Әжібекұлы - сурет өнерінің ғажайып үлгісін, дара болмысын қалыптастырған қылқалам шебері

«Елімізге танымал, шығармашылығының өзіндік қолтаңбасы бар Қазақбай Әжібекұлы өз жұмыстарында халықтың мәдениетін, мәдени құндылықтарын ұлттық идеясын көрсетеді. Сондай-ақ ол көрмеге Астананың жас бейнесін ашып көрсететін шығармаларын да қойып отыр. Автор сурет өнерінің ғажайып үлгісін, дара болмысын қалыптастырған қылқалам шеберлерінің бірі», - деді көрменің ашылу салтанатында аталған мұражайдың директоры Алма Сағынғали.
Көрмеге қылқалам шеберінің ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының қорында сақталған бұрынғы жұмыстары мен әлемдік қауымдастықты толғандырған көзқарастар тұрғысынан алғанда адамды ойландыратын жаңа дүниелері, туған халқының көркем жылнамасын жасауға ұмтылған тың туындылары қойылған.
Қ. Әжібекұлы - суретші-монументалист. Оның картиналарының басты тақырыбы тарихи мұра, көне жәдігерлер, ұлы тұлғалар бейнесі мен ұлы оқиғалар болып келеді. Мәселен, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы жиынтығынан «Жеті жарғы» (2003 жыл) полотнасында ұлы тұлғалар бейнеленген. Ол Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көптеген сыйлықтардың лауреаты. Атап айтқанда, Ә.Қастеев атындағы арнайы сыйлықтың (1999 ж.), «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының (2001 ж.), ҚР Президенті стипендиясының (2009 ж.) және Мемлекеттік стипендияның (2010 ж.) иегері. Сондай-ақ, ол көптеген байқаулардың жеңімпазы.