Қ. Бәкиевті Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізген ұшқыштар мемлекеттік наградалармен марапатталды
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бәкиевті сол елден Қазақстанға жеткізген ұшқыштардың бірін, атап айтқанда ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери әуе күштерінің ұшқышы - аға инспектор Игорь Белинді бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапаттады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Қырғыз Республикасының Президентін құпия жағдайда Жалал-Абадтан Таразға жеткізу жөніндегі тапсырманы орындадым. Сол үшін Қазақстан Президенті мен Үкіметі тарапынан награда алдым», деді мемлекеттік награданы тапсыру рәсімінен кейін И. Белин.
Оның сөзіне қарағанда, Қ. Бәкиевті Қырғызстаннан Қазақстанға жеткізу тапсырмасын орындағын Қазақстанның Әскери әуе күштерінің 4-ші бортының барлық экипажы мемлекеттік наградаларға ұсынылды, олардың бесеуіне наградаларды кеше Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков тапсырған.
Айта кетейік, сәуірдің 16-сы күні Ақордада болған брифингте Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери әуе күштерінің ұшағы Құрманбек Бәкиевті және оның отбасын Қырғызстан аумағынан алып шығып, Қазақстанға әкелгенін мәлімдеген болатын. «Менің нұсқауым бойынша еліміздің Қорғаныс министрлігі Бәкиевті алып келу үшін Әскери әуе күштерінің 4-ші бортын жіберді. Бұл мәселе төңірегінде қандайда бір саяси дивиденттер болмас үшін айтарым: ол Қазақстанның Әскери әуе күштерінің ұшағы. Борт нөмірі - 04», деген болатын Мемлекет басшысы. Елбасы осы тапсырманы орындай отырып, Қазақстанның әскери ұшқыштары бастарын тәуекелге тіккендігін айта келе: «Мен оларға алғыс айтамын және министрге оларды наградаға ұсыну үшін нұсқау бердім. Себебі, тәуекел жасалды», деді.