Қ.Келімбетов: Қазақстанның жалпы халықаралық резерві 101,9 млрд. долларға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық қор активі мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі алғаш рет 101 млрд. доллардан асты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті.
«Мемлекет басшысы еліміздің халықаралық қорының жиынтық көлемі жақында арада жүз миллиард доллардан асуын мақсат етіп қойған еді. Бүгінде оның деңгейі 101,9 млрд. долларды құрады. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтылықтың айқын белгісі», - деді Қ.Келімбетов. Оның сөзіне қарағанда, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 28 млрд. доллардан асып түсті. Белгілі болғандай, Ұлттық қордың активтері 73 млрд. доллардан асты. Бұдан бөлек Қ.Келімбетов бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ағымдағы есепшоттың оңтайлы сальдосы қалыптасқанын атап өтті. «Оның көлемі 5,5 млрд долларды құрады. Мысалы, бізде өткен жылы ағымдағы шоттың төлем балансының теріс сальдосы қалыптасқан еді. Оның деңгейі минус 118 млн. доллар көлемінде болды. Яғни, осы орайда жүргізілген валюталық түзетулерге экономиканың оңтайлы сарыны айқын байқалуда», - деді ол.