Қ. Көшербаев мереке қарсаңында аналармен жүздесті

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр өңірінің әр салада жемісті еңбек етіп жүрген әйелдер қауымын қабылдап, мерекелерімен құттықтады.

Қ. Көшербаев мереке қарсаңында аналармен жүздесті

Қабылдау барысында аймақ басшысы аналарды марапаттады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Отбасының ұйытқысы болып, тіршіліктің шырайын арттырып жүретін нәзік жандылар қатарында Сыр өңірінің аналар қауымы да еліміздің өркендеуі жолында да аянбай тер төгуде. Өміріміздің қай саласында болмасын олар үлкен еңбекқорлық танытып, үй шаруасын да дөңгелетіп, қызметтерін де қалтқысыз атқаруда. Әйел бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді. Бүгінгі әйел билік басында еркекпен иық тірестіріп жұмыс істеп жүр. Олар - ана, олар - жар, олар - қыз, олар - келін. Қызметтен де басқа қоғамдағы орындары бар. Ең басты­сы, әйел қоғамның тең құқылы мүшесі. Құрметке бөленген нәзікжандылардың қатарында әр саланың озат 30 аруы болды.

Мереке алдындағы шараға Социалистік Еңбек Ерлері Салима Жұмабекова мен Шырынкүл Қазанбаева қатысты. Әр саланың озат әйелдері облыс әкімінің «Құрмет» грамотасы және «Алғыс» хаттарымен марапатталды. Ал көпбалалы Шолпан Сариева мен Жеңіскүл Пірмағамбетоваға «Алтын алқа» табысталды.