Қ. Көшербаев: Тәуелсіздіктен соң елімізде 1,5 млн. қазақстандық өзінің баспана жағдайын жақсартты

Парламентте «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев осылай мәлім етті.
Вице-премьердің айтуынша, дағдарысқа дейінгі кезеңде елімізде құрылыс қарқыны аса жоғары болды. Тіпті бұған бір кездері елдің құрылыс индустриясы да ілесе алмай қалса, 2005 жылы саланың даму қарқыны 182 пайызды құраған.
«Тәуелсіздік жылдарынан бері қарай 1,5 млн. қазақстандық өзінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Соның ішінде тек 2005-2007 жылдардың аралығында шамамен 17 млн. шаршы метрден астам баспана салынып, пайдалануға берілді», - деді Қ. Көшербаев. Оның айтуына қарағанда, дағдарыс тұрғын үй құрылысы саласына қатты әсер етіп, оның құлдырауы қатты байқалды.
«Елбасы айтқандай, дағдарыс - бұл жаңа мүмкіндіктерді де тудырады. Сондықтан да, біз құлдырауларға қарамастан, даму жолдарын дұрыс айқындай алдық», - деді Қ. Көшербаев.