Қ. Қожамжаров: Шекараға жақын кедендік бекеттердегі сыбайлас жемқорлық жүйелі сипатқа ие болуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кедендік бекеттерде параның сомасы айына 3 млн. долларға дейін жетеді. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті.
«Еліміздің шекарасы периметрі бойынша сыбайлас жемқорлықтың жүйелі көрінісін еңсере алмай келеміз. Соңғы айларда бірқатар қылмыстың беті ашылды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр. Атап айтқанда, пара көлемі қомақты болмаса да, ол бүгінде жүйелі сипатқа ие болып отыр. Біздің сарапшылардың мәліметінше, бұл тұрғыда жеке адамнан пара 5 мың теңге болған жағдайда, кеденнің қарапайым бекеттерінде олардың қылмыстық табыстары айына 2-3 млн. долларға жетеді», - деді Қ. Қожамжаров «Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, парақорлықтың осындай сорақы фактілері бірінші кезекте мемлекеттің имиджіне нұқсан келтіреді. Сондықтан да бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер басты назарға алынып отыр.