16:56, 02 Қазан 2013 | GMT +5
Қ. Қуанышбаев атындағы театр жаңа ХХІIІ маусымын ашады
АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры ХХІII жаңа маусымын ашады. Бұл туралы astana.kz сайтына театрдың баспасөз қызметінен хабарлады.

Жаңа маусым М. Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашылады, қоюшы режиссері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.
Қойылым басталмас бұрын әдеттегідей дөңгелек үстел шарасы өтеді. Театрдың қалыптасқан дәстүрі бойынша жаңа маусым қарсаңында «Қаллеки» театрының актерлары мен актрисалары ЖОО, колледждер мен мектептердегі көрермендерімен көптеген кездесулер өткізеді. Қалибек Қуанышбаевқа 120 жыл толуына орай ұйымдастырылатын іс-шараның тақырыбы - «Театр және көрермен».
Елорда тұрғындары мен қонақтары апта сайын демалыс күндері Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қойылымдарын тамашалай алады. Соның ішінде марапаттарға ие болған спектакльдер де бар.