Қ.Лама Шариф экстремизмнің залалын көрсететін, бірмезгілде жастарды жасампаз арнаға бағыттайтын жүйені әзірлеуді ұсынды
Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан дін танушыларының ІІ Форумында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.
Агенттік басшысының атап өтуінше, бүгінгі таңдағы ең басты әрі өзекті мәселелердің бірі - өскелең ұрпақты рухани тәрбиелеу. Жастыққа тән максимализм мен бойұрушылықтың салдарынан жастар дінді аңғармай теріс қабылдау жолына түсуі мүмкін.
«Дінді ұстай алсаң - қасиетің, ұстай алмасаң - қасіретің» деген ұлағатты сөз осыдан шығады. Біз экстремизмнің тигізетін залалын көрсететін ғана емес, сондай-ақ жастардың күш-жігерін жасампаз арнаға бағыттайтын тәрбиелеу мен білім берудің озық жүйесін әзірлеуіміз керек», - деді Қ.Лама Шариф.
Оның пайымынша, дінтанушы ғалымдар радикалды діни ағымдарға тойтарыс бере алатын ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына, рухани мұра ұлттық мәдениетті насихаттауға бұдан да белсендірек қатысуы тиіс.