Қ. Мәми ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстанда президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының басшысы К.Йонкермен кездесті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғарғы Сот ғимаратында Жоғарғы Соттың Төрағасы Қ.Мәмидің ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Республикасында мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлауды бақылау жөніндегі миссиясының басшысы К. Йонкермен кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты - Қазақстандағы сайлау процесіне әзірлік және ұйымдастыру мәселелерін талқылау. Оның ішінде сайлау заңнамасын қолдана отырып, қаралатын істер бойынша шығарылған сот шешімдерінің тәжірибесіне баса назар аударылды.
Әңгіме барысында Қ. Мәми: «Сайлау заңнамасының бұзылуы туралы соттарға келіп түсетін арыздар қысқа мерзімде, олардың кейбіреуі дереу қаралуға жатады, ал бұл судьяларға арыздарды жедел қарауда қосымша жауапкершілік жүктейді», - деді.
Сондай-ақ, сайлаудың әлеуметтік және саяси маңыздылығын ескере отырып, материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолдану мақсатында Жоғарғы Сот жергілікті соттарға сайлау заңнамасын қолдану жөнінде ұсыныстарын жолдағаны атап өтілді.
Өз кезегінде, К. Йонкер Миссияның негізгі міндеті сайлау процесін бейтарап бақылау және оның нәтижелері бойынша қорытынды баяндама әзірлеу болып табылатынына тоқталды. Ол азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі сот жүйесінің ағымдағы қызметін түсіндіргені үшін алғысын білдірді.