К.Маркус Қазақстанда тұратын немістердің басты проблемасын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда тұратын немістердің басты проблемасы - ана тілдерін жетік білмеуі. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Қазақстан немістері: Астана мен Берлин арасындағы көпір» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі сессиясы аясында Алматы қаласындағы Неміс-қазақ университетінің оқытушысы Кайзер Маркус айтты.

К.Маркус Қазақстанда тұратын немістердің басты проблемасын айтты

«Біз бүгін Қазақстандағы түрлі этникалық топтар арасындағы қарым-қатынасты талқылаймыз. Сонымен қатар осы жерде тұрып жатқан және Германияға қоныс аударған немістердің де өзекті проблемаларын көтереміз. Бүгінгі күннің өзекті проблемаларының бірі неміс тілінде жатық сөйлейтін студентті табуы болып отыр. Біздің студенттеріміз бастапқы 2 жыл орыс тілінде оқыса, үшінші жылы Германиядан келген оқытушылар неміс тілінде дәріс береді. Сол уақытқа дейін студенттеріміз неміс тілінде таза сөйлеуі қажет», - дейді ол. Оның атап өтуінше, аталған жоғары оқу орнының студенттері 4-ші оқу жылында Германияда білімін жалғастырып, оны бітіргеннен кейін Қазақстанға да, Германияға да жарамды диплом алып шығады. «Бұрындары неміс тілін жақсы білетін студентті табу қиын болмайтын. Соңғы уақытта проблемалар туындауда. Біз тіл білу саласындағы бұл ахуалды қалай жақсартуға болатынын талқыладық», - деді К.Маркус. Естеріңізге сала кетейік, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында «Қазақстан немістері: Астана мен Берлин арасындағы көпір» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция үш күнге созылды. Бірінші күні халықаралық шара Алматы қаласында ұйымдастырылса, одан кейін елорда төрінде өтті. Жалпы, бүгінде Германияда Қазақстаннан көшіп барған 800 мыңға жуық неміс тұрып жатыр.