К.Мәсімов Ақ Азиада аясында салынған спорт нысандарын тиімді пайдалануды тапсырды
АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Туризм және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов 7-қысқы Азия ойындары аясында салынған спорт нысандарын тиімді пайдалануды тапсырды.
Өз сөзінде Үкімет басшысы Ақ Азиада аясындағы спорт ғимараттарының салықшылардың қаражатына тұрғызылғандығын атап өтіп, осы нысандарды пайдалану тиімділігін барынша арттыруды міндеттеді. «Біріншіден, арнайы сараптамадан кейін аталған спорт нысандарында ауқымды іс-шараларды өткізу арқылы оларды экономикалық жағынан барынша пайдалану қажет. Екіншіден, Ақ Азиада аясында салынған нысандарда қазақстандық азаматтардың спортпен айналысуын қамтамыз ету жұмысын ұйымдастыру керек. Негізгісі - бұл нысандар жай тұрмай, ондағы спорттық өмір қайнап тұруы міндет», - деді К.Мәсімов.
Бұл мәселе бойынша Үкімет басшысы ҚР Туризм және спорт министрлігі және ҚР Білім және ғылым министрлігіне бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.