К.Мәсімов: Әлеуметтік желілерде лаңкестердің әрекетімен күресте бірлескен және жүйелі шаралар іске асырылуы тиіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде лаңкестердің әрекетімен күресте бірлескен және жүйелі шаралар іске асырылуы тиіс. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі зорлық-зомбылық экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференцияда ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов мәлім етті.

К.Мәсімов: Әлеуметтік желілерде лаңкестердің әрекетімен күресте бірлескен және жүйелі шаралар іске асырылуы тиіс

Экстремизмге және лаңкестікке адамдарды тартудың негізгі әдістерінің бірі интернет арқылы жүзеге асырылатындығына тоқталған Премьер-Министр: «Олар әлемдік желіні бүлдіргі идеологияны, өшпенділік пен зорлық-зомбылықты, содырларды тарту мен даярлауды, ақпарат алмасу, қылмыстық іс-қимылдарды жоспарлау және үйлестіру үшін пайдаланады. Мәселен, танымал Facebook-тен What's app-қа дейінгі әлеуметтік желілерде лаңкестердің қарулы джихадқа шақыратын мәлімдемесін бір тәулікте 2 миллионнан астам адам қарап шыққан. Қазақстан осы материалдарды анықтап, тосқауыл қоюда. Алайда бұл бағытта біздің күш-жігер бірлескен және жүйелі түрде іске асырылуы тиіс. Сонымен бірге экстремизм мен лаңкестікті насихаттаудың жолын кесуде азаматтық қоғам үлкен рөл атқаруы керек»,- деді.

Үкімет басшысының пайымынша, экстремизм қатері мемлекеттердің ынтымақтастығы мен үйлестіру күш-жігерін ұзақмерзімді негізде тереңдетуді талап етеді.

Айта кетейік, конференция жұмысына әлемнің 24 елінен келген делегациялар, яғни ЕО мен Ресейдің және АҚШ-тың өкілетті органдарының өкілдері, БҰҰ, ЕҚЫҚ, ШЫҰ, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның, лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес саласындағы жетекші сарапшылар қатысуда.