17:55, 14 Маусым 2016 | GMT +5
К. Мәсімов әуежайлар мен вокзалдарды қазіргі заманғы тексеру жүйесімен жабдықтауды тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов әуежайларды, теміржол және автобус вокзалдарын қазіргі заманғы тексеру жүйесімен жабдықтауды тапсырды. Бұндай тапсырманы ол бүгін Үкімет отырысында жүктеді.

«Инвестициялар және даму министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, Ішкі істер министрлігімен, «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе әуежайларды, автобус және теміржол вокзалдарын қазіргі заманғы тексеру жүйесімен жабдықтау бойынша бірыңғай техникалық талаптарды бекіту тұрғысында шаралар қабылдауы қажет», - деді К. Мәсімов.
Премьер-Министр Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапарларын бастайтынын айта келе, бұл сапар барысында ол осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесін жеке өзі тексеретінін жеткізді.
«Барлық өңірлерге барғанда әкімдер маған әуежайлардың жағдайын, сондай-ақ тексеру жүйесін көрсетуі тиіс. Осы орайда сол жерде тиісті шешім жасау қажет болса, қажетті қадамдарды жасаймыз», - деді Үкімет басшысы.