К.Мәсімов бұрынғы балабақша ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражатты бөлудің тетіктерін қарастыруды тапсырды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көктал 1 кентіндегі №39 Меруерт балабақшасын көргеннен кейін Үкімет басшысы елордадағы басқа да балабақша ғимараттарын жөндеуден өткізіп, пайдалануға беруге ұйғарым жасады. «Енді осы мақсатқа қажетті қаржы көздерін бөлудің тетіктерін қарастырып, нақты жүйесін әзірлеу қажет», деді К.Мәсімов.
Айта кетейік, Көктал 1 кентіндегі №39 балабақша кезінде Ақмола облысы әкімдігінің құзырында болған. Ағымдағы жылдың басында Астана әкімдігі бұл нысанды мемлекетке қайтару жөніндегі шешім қабылдады. Аталған нысанды қайта жөндеу жұмыстарына 242,5 миллион теңге, оның ішінде 120 миллионы «Жол картасы» аясында және екінші бөлігі жергілікті бюджеттің есебінен бөлінген болатын. Қазіргі кезде балабақшада 240 бүлдіршін бар.
Алдағы уақытта кезінде ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Әділет министрлігі, ҚР Ішкі істер министрлігі және басқа мемлекеттік органдардың иелігіне өтіп кеткен Астанадағы бірқатар балабақша нысандарын мемлекетке қайтару жоспарланып отыр.