13:20, 14 Қаңтар 2009 | GMT +5
К.Мәсімов көктемгі егіс жұмыстарын ұлттық қордың қаржысы есебінен атқаруды қолдайтындығын білдірді
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Мен ауыл шаруашылығы өнім өндірушілерін ұлттық қордың есебінен қаржыландырып, көктемгі егін егу жұмыстарын осы қаржының көмегімен атқарып шығу жөніндегі «ҚазАгро» ұлттық холдингінің ұсынысын қолдаймын.
Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық қорда қарастырылған қаржының ағымдағы айдың аяғында түсетіндігі жайында айтқан Үкімет басшысы: «Сол себепті сіздер ақпан айында көктемгі егіс жұмыстарына жауапты облыс әкімдері немесе олардың орынбасарларымен барлық мәселелерді пысықтап алуларыңыз қажет», - деді К.Мәсімов.
Айта кетейік, Премьер-Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылдың басында күшіне енген жаңа республикалық бюджеттен еліміздің ауыл шаруашылығы саласында қалыптасқан проблемалы жағдайларды шешу және осы саладағы өнім өндірушілерін қолдау мақсатында «ҚазАгро» ұлттық холдингіне 120 млрд. теңге көлеміндегі қаржы қайтарымсыз негізде бөлініп отыр.