К. Мәсімов Назарбаев Университеті Бизнестің жоғары мектебі және Мемсаясаттың жоғары мектебі ашылуының салтанатына қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Назарбаев Университеті Бизнестің жоғары мектебі (БЖМ) және Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебі (МСЖМ) ашылуының салтанатты рәсіміне қатысты.
Бұл шара ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналды, деп хабарлайды primeminister.kz.
Үкімет басшысы жоғары оқу орнының жетекшілігін және студенттерді құттықтай келе, жаңа ғимарат ырғақты даму үстіндегі Назарбаев Университетінің одан әрі қанатын кеңге жаюына ықпал ететіндігін жеткізді.
«Ғимарат пен жабдықтар қазақстандық білім беруді жаңа сапаға көтере алмайды. Бұл үшін бізге жетекші профессорлар, талантты және шығармашыл студенттер қажет. Сіздерде бұлар жетіп артылады деген сенімдемін»,-деді К. Мәсімов студенттерге қарата айтқан сөзінде.
Сондай-ақ, салтанатты рәсім барысында Назарбаев Университеті мен ҚР Сыртқы істер министрлігі арасында, Назарбаев Университеті мен ҚР Білім және ғылым министрлігі және ҚР ұлттық банкі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Жоғары оқу орнының жаңа ғимаратында ауқымды іс-шаралар, семинарлар және әлемдік деңгейде форумдар өткізуге мүмкіндік беретін кең дәріс оқитын аудиториялар, конференц-залдар және видиеконференция залдары бар.
Ғимараттың жалпы аумағы 19 000 шаршы метрді алып жатыр. Ғимарат екі мектептің стратегиялық серіктестері - Дьюк Университетінің Фукуа Бизнес Мектебі және Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің қатысуымен жобаланған.