К.Мәсімов: Шағын қалалардың даму қарқыны төмендеуі ықтимал
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шағын қалаларды дамыту бағдарламасына өзгертулер енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында аталған мәселеге орай депутаттардың сауалына жауап берген ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, таяуда бұл мәселеге орай селекторлық режімде Үкімет отырысы өтіп, оған Министрлер кабинетінің мүшелері, шағын қалалардың әкімдері қатысқан.
«Біз бұл бағдарламаның оң және кемшін тұстарын қарадық. Оң тұсы, бұл бағдарлама бар және біз шағын қалаларды далада қалдырмадық әрі оларға қолдау көрсетудеміз. Ал кемшін тұсы ресурстардың басым бөлігі аталған қалалардағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын, инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсалған. Кәсіпкерлікті дамытуға, олардың белсендігін арттыруға жете назар аударылмаған. Бұл мәселе облыс әкімдеріне ескертілді. Меніңше, нақты түзетулер бар және бұл бағдарламаның әкімшіленуіне енгізілетін болады», - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар ол экономикалық ахуалдың өзгеріске ұшырауы өнеркәсіптің дамуына әсер ететіндігін атап өтті. Соның салдарынан жаңа шағын қалалардың даму қарқыны төмендеуі ықтимал.
«Өйткені, біздер экспортқа шығарып үйреніп қалған көптеген тауарлардың әлемдік экономикадағы сұранысы төмендеуі мүмкін. Экономикалық конъюнктураның өзгеруі бізге де әсер етеді. Сондықтан біз Үкімет жұмысы аясында депутаттарға өтініш жасайтын боламыз. Шағын қалалармен жұмысты қайта қарап, түзету енгізуге де тура келуі мүмкін», - деді Премьер-Министр.