11:51, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
К. Мәсімов тиісті министрлік басшыларына көктемгі егіс науқанына байланысты жанар-жағармай мәселесін қадағалауды тапсырды
АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Үкімет басшысы Энергетика және минералдық ресурстар, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлеріне көктемгі егіс науқанына байланысты жанар-жағармай мәселесін қадағалауды тапсырды.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ел ішінде нан мен ұнды жеткізумен айналысатын барлық астық өндіретін компаниялар бағаны өсірмеу бойынша берген уәдесінде тұрып келеді. Бұл өзара сенімге негізделген мемлекеттік - жекеменшік серіктестік. Менің ойымша енді қазіргі баға өспейтін болады. Алайда тиісті органдар осы мәселені ұдайы бақылауда ұстағаны жөн», - деді К. Мәсімов.
Үкімет басшысы осы кезеңде мемлекет ретінде ауыл шаруашылығы саласындағы компанияларға көмек көрсетілетінін атап өтті. Аптаның соңына дейін тиісті қаржы «ҚазАгроға» түсуі тиіс екенін тапсырған Премьер-Министр, «келіскеніміздей ақпанның 20-сына дейін ақша компанияларға жетуі шарт. Ставканы біз белгіледік. Бұл теңгемен 12 пайыз шамасында болады», - деді.