Қ.Нұртас: Депутат болсам, өнерге қолдау көрсетемін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі бекітіліп, сол тізімге енген әнші Қайрат Нұртас съезден кейін журналистермен тағы тілдесті.

Қ.Нұртас: Депутат болсам, өнерге қолдау көрсетемін

«Қажет болса мен оған (Мәжіліс депутаты болуға - агенттік) дайынмын. Негізі, қазір жастарға қолдау бар, жастарға көмек беріліп жатыр. Міне, осындай мүмкіндік беріп отыр. Өзім талай кеш бердім, Қазақстанның түпкір-түпкірін араладым, сондықтан ауылдарда, аудандарда не болып жатқанын өз көзіммен көрдім. Сол ауылдарда қаншама өнер адамдарды, таныла алмай жүрген азаматтар бар, солардың бәріне қолдау көрсетемін деп ойлаймын. Өнер жолы - менің балалық шағымдағы арманым. Мен өнерді ешқашан тастамаймын. Өнерге жанаршылықпен қараймын. Мен депутат болсам, өнер жолындағы бауырларыма, өнерге көмектесемін», - деді съезд жұмысы аяқталған соң әнші.

Ал съезд жұмысының алдында ол Мәжіліс депутаты атанса, өнер мен қазақ тілінің мәселесін көтеріп, ауылды дамытуға көңіл бөлетінін айтқан еді. Сондай-ақ, «Сайлаудан өтіп, депутат атанып жастам, сахнадан кетемін», - деген еді съезд жұмысының алдында Қ.Нұртас.

Естеріңізге сала кетейік, партиялық тізім бойынша белгілі боксшы Геннадий Головкин мен әлем және олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин енді. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншілері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова, Айман Мұсақожаевалар өтті. Бірқатар министрлер мен әкімдер, ұлттық компания басшылары да партиялық тізімге енген. Мәселен, министрлер арасында Арыстан Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулиндер де бар. Облыс әкімдері, солардың ішінде Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Алик Айдарбаев, Амандық Баталов, Даниал Ахметовтер енді. Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК президенті Ахметжан Есімов, актер Нұрлан Әлімжанов та бұл тізімнің ішінде бар болып шықты.