Қ.Нұртастың «Мен ғашықпын...» атты концерті «Қазақстан» телеарнасында тікелей эфирден көрсетіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін кеште Қайрат Нұртастың «Мен ғашықпын...» атты концерті «Қазақстан» телеарнасында тікелей эфирден көрсетіледі.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова айтты.
«5 маусым күні өткен «Муз-ТВ Гравитация» деп аталатын үлкен музыкалық шоу-концертті, оның қарсаңында «Open Air» деп аталатын жастардың би-шоу концертін тікелей эфирде жүргізіп, көрермендерімізге жақсы көңіл-күй сыйлаған болатынбыз. Міне, осы жақсы дәстүрді жалғастыру мақсатында «Қазақстан» телеарнасы арқылы концерттік шоуды бүгін кеште тікелей эфирде көрсетейік деген шешім қабылдадық, - деді Н.Мұхамеджанова.
Айта кетейік, Қ.Нұртас Астана мен Алматы қалаларында өтетін концерттен түскен қаражаттың 8 млн. теңгесі қайырымдылық шараларымен белсенді айналысып жүрген қорларға аудармақ. Нақты айтқанда Астана қаласынан түскен қаржының 2 млн. теңгесі «Сан адам» қорына 1,5 млн. теңгесі «Үнсіз әлем» қорына, 1,5 млн. теңгесі «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне, ал Алматыдан түскен қаржының 1,5 млн. теңгесі «Айналайын» балалар-жасөспірімдер орталығы» жастар клубы қоғамдық бірлестігіне, 1,5 млн. теңгесі Талдықорған қаласының «Қарлығаш» мүгедек әйелдер қоғамдық бірлестігіне аударылады