Қ.Саудабаев: «Болашақ» түлектері еліміздің әлеуметтік-экономикалық, индустриалды-инновациялық дамуына үлес қосуда
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгінде «Болашақ» түлектері еліміздің әлеуметтік-экономикалық, индустриалды-инновациялық дамуына үлес қосуда, деп атап өтті ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысы барысында.
Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде елімізде білім мен ғылымды қаржыландыру артып, заманауи мектептер жүйесінің кеңейтілгендігін, халықаралық стандарттарға сай Назарбаев Университетінің ашылғандығын баса айтқан ол: «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, Президент шет елдердің үздік университеттерінде жаңа буын кадрларын дайындауда маңызды рөл ойнаған «Болашақ» бағдарламасын құрды», - деді.
Сонымен, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегі мен 8 желтоқсаны аралығында өткізілген конкурстық іріктеудің 1 және 2 кезеңдерінің нәтижелері бойынша 389 азамат «Болашақ» бағдарламасынан үмітті болса, оның 159-ы Ұлыбританияда, 91-і АҚШ-та, 34-і Ресейде, 19-ы Германияда оқуға құжат тапсырған. Ал қалған үміткерлер Франция, Италия, Австралия, Қытай, Нидерланды, Норвегия, Чехя, Канада, Словакия, Австрия, Швейцария елдерін таңдаған. Олардың 238-і магистратураға, 2-еуі докторантураға, ал 59-ы ғылыми тағлымдамаға құжат тапсырған.