Қ. Саудабаев еліміздегі шығармашылық жастардың өкілдерімен кездесті
ашаның 10-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев еліміздегі шығармашылық жастардың өкілдерімен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесуде Қ. Саудабаев: «Біздің тәуелсіз мемлекетімізді құрудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаев стратегиясының ерекшелігі сонда - ол тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан рухани даму бағытына баса назар аударды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні біздің мәдениетіміз, әдебиетіміз бен өнеріміз сіздер секілді лайықты таланттардың арқасында қарыштап дамып келеді. Шығармашылық жастарға барынша қолдау көрсету алдағы уақытта да мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі болып қала береді», деді. Өз кезектерінде кездесуге қатысқан әнші, композитор Біржан Хасанғалиев, суретші Анна Петракова, музыкант Әміржан Бисенғалиева, әуе гимнасшысы Дәулет Досбатыров және ақын-аудармашы Алмас Темірбаевтар мәдениетіміз бен өнеріміздің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы пікірлерін айтып, аталмыш салаларда қордаланып қалған проблемаларды шешу үшін ұсыныстарын білдірді. Кездесу соңында Қ. Саудабаев Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктерінің басшыларына, рухани салаға жауап беретін басқа да мемлекеттік органдардың өкілдеріне Елбасының еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытудағы алға қойған міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.