14:13, 09 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қ. Саудабаев Ислам конференциясы ұйымының жанындағы АҚШ-тың арнаулы өкілі С. Кумбермен кездесті
АСТАНА. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев пен Ислам конференциясы ұйымының жанындағы АҚШ-тың арнаулы өкілі Сада Кумбер бүгін Ақордада кездесті.
Онда тараптар өркениеттер арасындағы диалогты дұрыстау мәселесінде, оның ішінде Қазақстанның алдағы 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалығы тұрғысынан Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көкейкесті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесуде Қ. Саудабаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Елбасы Н. Назарбаев біздің көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетте бейбітшілік пен келісімді сақтауға және нығайтуға айрықша назар аударып келе жатқанын атап көрсетті. «Бүгінде Қазақстан ұлтаралық және дінаралық төзімділік пен келісімнің жалпыға танылған үлгісі болып табылады. Біздің мемлекет 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның, ал 2011 жылы ИКҰ-ның төрағасы болып кездейсоқ сайланған жоқ. Біздің оң тәжірибеміз Мемлекет басшысына Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын, «Ортақ әлем: әралуандылық арқылы ілгерілеу» форумын өткізу сынды айтулы бастамалар көтеруге мүмкіндік берді. Менің ойымша, қазіргі алмағайып заманда әлемдегі өзара түсіністікті нығайтуда бұл Қазақстанның сүбелі әрі лайықты үлесі болып табылады», деді Қ. Саудабаев. «Жаһандану дәуірінде, әсіресе күрделі әлемдік экономикалық дағдарыс ауанында адамзаттың елеулі проблемаларын бірлесіп шешу үшін барлық елдердің күш-жігерін біріктіру маңызды. Сондықтан да Қазақстан ЕҚЫҰ-ға және ИКҰ-ға алдағы төрағалығы кезінде халықтар мен елдер арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін белсенді жұмыс істейтін болады», деп толықтырды сөзін Мемлекеттік хатшы.
Өз кезегінде С. Кумбер мұсылман әлемімен өзара түсіністікті нығайтуға мүдделі АҚШ Қазақстанның жоғарыда атап өтілген бастамаларын қолдайтынын айтты. Тараптар осындай маңызды саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді.