Қ. Саудабаев «Семей-Алматы-Астана» велосаяхатын ұйымдастырушы «Bike for Peace» қоғамдық ұйымы өкілдерін қабылдады

ТАНА. 4 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Норвегияның Қазақстандағы елшісі Дага Халворсенді және «Bike for Peace» (Бейбітшілік үшін велосипедке көш) қоғамдық ұйымы өткізуді жоспарлаған «Семей-Алматы-Астана» велосаяхат жетекшілері Торе Наерланд пен Франк Томлинсонды қабылдады.

 Қ. Саудабаев «Семей-Алматы-Астана» велосаяхатын ұйымдастырушы  «Bike for Peace» қоғамдық ұйымы өкілдерін қабылдады

Норвегиялық «Bike for Peace» қоғамдық ұйымымен ұйымдастырылатын шара Қазақстан Тәуелсіздігінің және Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай 2011 жылғы 6-29 тамыз аралығында ұйымдастырылмақшы.

Естеріңізге сала кетейік, велотур Семей қаласында 6 тамызда - 1945 жылы Хиросима қаласын бомбалаған күні басталмақ. Тарихтағы осынау зор қасірет үш күннен соң Нагасаки қаласында қайталанған еді. Қазақстан ядролық қаруға қарсы күресте көшбасшы елдің бірі болып табылады. Бұл ретте Қазақстандағы 24 күндік велосаяхат барысында оған қатысушылар Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Ақмола облыстарында, Алматы мен Астана қалаларында болмақ. Аталмыш жоба Астанада 29 тамызда, яғни Семейдегі сынақ полигоны жабылуының 20 жылдығы күнінде өз мәресіне жетеді. Бұл күн ҚР Президенті Н. Назарбаевтың ұсынысымен және БҰҰ Бас Ассамблеясының бірауыздан қолдауымен Ядролық сынаққа қарсы Халықаралық күн ретінде бекітілген. Веложорық осыған байланысты таңдалып отыр. Велосаяхаттың жеке кезеңдерінде «Астана» велокомандасының кейбір мүшелері де бұған қатысатыны күтіледі.

«Ағымдағы жылы Мемлекет басшысының жарлығымен әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 20 жыл толады. Н. Назарбаев кеңес үкіметі басшыларының қалауларына қарамастан осы күрделі шешімді қабылдау арқылы өзінің айырықша ерлігін танытты. Сол уақыттан бері Қазақстан және оның Лидері ғаламдық ядролық қаруды қысқарту және таратпау үрдісінің белсенді жақтаушысы болып табылады. БҰҰ-ның Семей полигоны жабылуының ресми күнін - 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауы халықаралық қауымдастықтың еліміздің ұстанымын қолдайтынын айғақтайды. Ал «Семей-Алматы-Астана» велосаяхат жарысы ядролық қаруға қарсы маңызды әрекетке айналатынына сенімім мол», - деді Қ. Саудабаев.