Қ. Тоқаев: Аграрлық ғылымды дамытуға әлі күнге тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Аграрлық ғылымды дамытуға әлі күнге тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «ЕАЭО және ДСҰ жағдайында отандық аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыру - заңнамалық реттеу және іс жүзіне асыру» атты парламенттік тыңдау барысында Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.
«Аграрлық ғылымды дамытуға әлі күнге дейін қажетті деңгейде көңіл бөлінбей отыр. Ал онсыз ауыл шаруашылығының тиімділігі мен тұрақтылығын арттыру туралы сөз қозғау да мүмкін емес», - деді жиын барысында сөз сөйлеген Сенат спикері.
Бұл ретте Төраға ауыл шаруашылығын дамыту үшін әлі де қосалқы кедергі келтіретін ілеспе факторлардың бар екенін атап өтті. «Мәселен, ауылдық аймақтардағы білікті кадрларды сақтап, адамдардың ауылдық жерлерде жұмыс істеуге деген қызығушылығын арттыру керек. Бұл үшін ауылдың әлеуметтік ахуалын жетілдіру бойынша шаралар қабылдау қажет. Қазіргі нарықтық қатынастарда бәсекелестік «баға - сапа - қызмет көрсету» формуласымен айқындалады. Осыған байланысты, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық циклдары агрошикізатты сақтау, тасымалдау және қайта өңдеу бойынша шығындарды азайту жөніндегі шараларды ойластыру қажет», - деді Қ. Тоқаев.