Қ.Тоқаев Алматыда аймақтық хаб негізінде БҰҰ гуманитарлық құрылымдарының қызметін кеңейтуді ұсынды

Сенат Төрағасы БҰҰ-ға қатысты Қазақстанның көзқарасы туралы жүздесушіге жан-жақты әңгімеледі. «Қазақстан аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде елеулі рөл атқара отырып, гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты едәуір ұлғайтты, ол Ауғанстан, Сирия, Пәкістан, Орталық Азия елдері және өзге бірқатар мемлекеттерге көмек беруде көрініс тапты», - деді ол. Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының Төрағасы Алматыда аймақтық хаб негізінде БҰҰ гуманитарлық құрылымдарының қызметін кеңейтуді ұсынды.
Төраға сондай-ақ БҰҰ өкіліне біздің еліміздегі реформалар туралы айтты және көрнекті реформатор, ядролық қаруды таратпауға әрі халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосқан мемлекет қайраткері ретінде шет елдерде жақсы білетін Елбасының көшбасшылық рөлін атап өтті. Қ.Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі туралы жүздесушіні егжей-тегжейлі хабардар етті.
А.Аль-Матук БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ізгі тілектерін жеткізді және ядролық қаруды таратпау, халықаралық қауіпсіздікті нығайту мен дінаралық үнқатысуды дамыту саласындағы Президент Н.Назарбаевтың халықаралық күш-жігеріне қолдау білдірді. БҰҰ Бас хатшысының өкілі шиеленіс салдарынан ауқымы зор гуманитарлық апатқа ұшыраған Сирияға көмек көрсету үшін донорлардың төртінші конференциясына әзірлік туралы хабарлады. Кувейт Эмирінің штаттан тыс кеңесшісі болып табылатын А.Аль-Матук таяу арада Сирия босқындары 15 миллионға жетуі ықтимал деп санайды.
24 қазанда аталып өтетін БҰҰ-ның 70 жылдығы қарсаңында жүздесушілер халықаралық өзекті мәселелерді реттеудегі осы әмбебап ұйымның жетекші рөлін нығайтудың маңыздылығын атап өтті.