Қ.Тоқаев БҰҰ Даму бағдарламасының 50 жылдығымен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының Еуропа және ТМД елдері бойынша Аймақтық бюросының директоры Джихан Султаноглуды қабылдады.
Кездесу барысында Қ. Тоқаев БҰҰДБ өкілін осы құрылымның 50 жылдығымен құттықтады. «Даму бағдарламасы адамзаттың орнықты дамуын, оның ішінде кедейлікті түбірімен жою, жұмыспен қамтуды ұлғайту және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру, білім беру жүйесін жақсарту, қоршаған ортаны қорғау және қалпына келтіруді қамтамасыз етуде орталық рөлді атқарады». Жиырма үш жыл бойы БҰҰДБ Қазақстандағы реформалар мен трансформациялауға елеулі үлес қосып келеді», - деді Қ.Тоқаев. Төраға БҰҰДБ жарты ғасырлық қызметінің нәтижелері мен Орнықты дамудың 2030 жылға дейінгі мақсаттарын іске асыру келешегі Астана экономикалық форумы аясындағы арнаулы сессияда ықыласпен талқыланатынына сенім артты.
Сенат Төрағасы сол күні БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі, БҰҰ Орталық Азия елдеріне арналған привентивтік дипломатия жөніндегі Аймақтық орталығының басшысы Петко Драгановпен кездесу өткізді. Жүздесушілер аймақтағы БҰҰ қызметін, экономикалық ынтымақтастық, трансұлттық қауіптерге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне әзірлік мәселелерін талқылады.