Қ. Тоқаев: Діни лидерлердің Съезі «Діни дипломатияның» жаһандық маңызды институтына айналды
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 маусымда Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының XV отырысы болды.
Отырысты аша келіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше өткен «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі қараған көкейкесті мәселелердің маңыздылығын тағы бір мәрте паш еткенін атап өтті. Сенат Төрағасы өткен конференция террорлық әрекеттерге қарсы іс-қимыл түрлері мен әдістері туралы түсініктерді елеулі түрде байыта түскенін, сондай-ақ бұл қатермен күресте парламентшілер мен діни қайраткерлердің бұдан былайғы өзара іс-қимылы үшін берік негіз қаланғанына сенім білдірді.
Қ. Тоқаев Хатшылық мүшелерінің қолдауымен V Съездің Декларациясына Президент Н.Назарбаевтың «Бес үндеуі» енгенін еске салды. Онда әскери қақтығыстарды тоқтату мен татуласуды жариялау, саяси қарама-қайшылықтарды күш қолдану әдістерінен бас тарту, ірі державалар арасындағы терең сенімсіздікті жою, бұқаралық ақпарат құралдарын конфессияаралық қақтығыстарды тұтатуға қолдану тәжірибесін тоқтату, сондай-ақ діни және саяси қайраткерлердің күш-жігерін кедейлік, аштық, індет, жұмыссыздық, табиғи зілзала мен техногендік апаттардың өзекті мәселелерін шешу үшін біріктіру туралы сөз болып отыр.
Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл «бес үндеу» Қазақстан басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясы барысында жария еткен, сондай-ақ әйгілі «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде айтылған бастамаларында лайықты дами түсті.
Отырысқа қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезінің және Съезд Хатшылығының XIV отырысының қорытындылары бойынша пікір алмасты.
Хатшылық мүшелері Дінаралық үнқатысуға қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің құрмет медалін тағайындау, сондай-ақ Бейбітшілік және келісім мұражайын құруға қатысты мәселелерді қарады.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2018 жылы Қазақстан Елордасында болатын VI Съезінің тақырыбы мен күн тәртібі бойынша ұсыныстар талқыланды. Алдағы форумды «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем жолында» тақырыбына арнау ұсынылды. VI Съездің секциялық отырыстары: «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі» жаһандық қауіпсіздіктің тұжырымдамасы ретінде»; «Құбылмалы геосаясаттағы дін: адамзаттың ынтымағы үшін жаңа мүмкіндіктер»; «Дін және жаһандану: қатерлер мен жауаптар»; «Діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлер экстремизм және терроризмді еңсеруде» бағыттары бойынша өтеді.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі Хатшылығының кезекті XVI отырысын 2017 жылы 9 тамызда Астанада өткізу туралы шешім қабылданды.
Шараны қорытындылай келіп, Қ. Тоқаев біздің дәуіріміздің драмалық оқиғалары Астана Съезін «діни дипломатияның» жаһандық маңызды институтына айналдыратынын атап өтті.
«Біз тағы да діни лидерлердің араласуынсыз зорлық-зомбылықты жоюдың және қауіпсіз әлемді құрудың мүмкін еместігіне көз жеткізіп отырмыз, - деді Төраға. - Біз бүгін үлкен мазмұнды жұмыстардан басқа, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін алдағы уақытта институционалдыру мәселесіне қарай ілгері бет бұрдық».