Қ.Тоқаев: Президент Жолдауы экономиканы жаңа сипаттағы траекторияға шығарады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Елбасы Жолдауын іске асыру экономиканың сапасы мен адам әлеуетінің есебінен әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.
Жоғарғы Палатаның Төрағасы өз көзқарасын «Егемен Қазақстан» газетінде бейсенбі күні жарияланған көлемді сұхбатында айтқан болатын. Осыған орай, палатаның баспасөз қызметі аталған сұхбаттан үзінді таратып отыр.
Сенат спикерінің пікірінше, әлем экономикалық және әскери-саяси жағдай тұрғысынан қарағанда қауіпті белгісіздік кезеңіне аяқ басты. «Президент ұзақ уақыт бойы Қазақстанның осындай сыртқы катаклизмдерге дайын тұруын қамдап келді, алда қиын күндер туатынын ескертіп жүрді және жаңа геосаяси ахуалға қайтарылатын жауаптың сценарийін ойша жұптаумен болды», - деп атап өтті спикер сұхбатта. Бұдан бөлек, мұнай бағасы жоғары кездің өзінде Елбасы Үкіметті дәйім ұсынықтылыққа, үнемшілдікке шақырғаны және мемлекеттік шығындардың деңгейі көкейге қонымды болуын ұдайы қадағалағаны айтылады. «Сондықтан да қазір Президент Ұлттық қорды «айқара ашып» тастауға болмайтынын, ондағы қаржы болашақ ұрпақтарға тиесілі екенін ескертіп отыр. Бізге қазір ең керегі - қалтаға қарап өмір сүру, көрпеге қарап көсілу», - деп атап өтілген сұхбатта.
«Биылғы Жолдаудың жаңалығы бұл құжаттың біздің экономикамызды сапалық тұрғыдан жаңа траекторияға алып шығудың іс-шараларын көздейтіндігінде. Мәселе тиімсіз активтерді жекешелендіруде, салық салу жүйесінде тәртіп орнатуда, негізсіз берілетін субсидияларды тоқтатуда, бәсекелестік ортаны күшейтуде болып отыр. Аса көрнекті реформатор ретінде Н.Назарбаев әлемдік дағдарыс кезеңін құрылымдық жаңғыртулар жасау үшін, өсімнің жаңа көздерін іздестіру үшін пайдалануда. Жолдауды жүзеге асыру біздің экономикамызды жаһанды буып тұрған дағдарыс белесінен алып өтуге кепілдік беруге тиіс. Ендігі жерде негізгі экспорттық шикізатқа төмен баға жағдайында өсімді қамтамасыз ету міндет ретінде қойылуда», - деді Қ.Тоқаев.
«Сонымен бірге, Президент халықты жан-жақты қолдаудың іргелі міндетін ешқашан ұмыт қалдырмайды. Бұл орайда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік қызметкерлерді қолдау, зейнетақыны, стипендияны және мүгедектігі мен асыраушысынан айырылғанына байланысты жәрдемақыларды көбейту мәселелері ұдайы назарда тұрады. Әлемде бірде-бір ел дағдарыс жағдайында және қаржы жетпей тұрғанда әлеуметтік көмекті ұлғайтуға тәуекел ете алған емес. Қазақстан - осыны жасап отырған ел», - деді Сенат Төрағасы.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, Президент міндеттеп отырған жаңа әлеуметтік саясатта негізгі назар жоғары сапаны қамтамасыз етуге және нақты мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсетуге аударылуға тиіс.
Төраға Президент Жолдауы тек халқымызға ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастыққа арналғанына назар аударады. «Құжат Мемлекет басшысы жария еткен ауқымды экономикалық бағдарламамен қызғылықты. Қазақстан жекешелендірудің жаңа белесіне шетелдік инвесторлардың қатысуына мүдделі. Біздің еліміз мемлекеттік-жекеше әріптестіктің кең мүмкіндіктерін ұсына алады, олар әсіресе инфрақұрылым саласында көп», - деді Сенат басшысы.
«Үкімет пен өңірлік билік орындарының алдында шетел инвесторларын тарту жөнінде ауқымды кешенді жұмыс тұр. Біз жаңа жаһандық нақты жағдайда жұмыс істеуге бейімделіп қана қоймай, бүкіл әлемнен таңдаулы технологияны, ең озық ақыл-ойды тартуды үйренуге тиіспіз. Ол үшін тиісті құқықтық, экономикалық және мәдени жағдайларды жасауымыз керек», - деді Қ.Тоқаев.
Төрағаның пікірінше, Мемлекет басшысы Қазақстанның қақтығысты жағдайларды реттеуге мүдделілігін, сондай-ақ, біздің еліміздің ядролық қарусыз әлем құру жолындағы күреске, терроризм мен экстремизмге қарсы шығуға деген ынтымақтастығын нақты айтты.
Сенат Төрағасының айтуынша, Мемлекет басшысының жақында түрік әскери-әуе күштері Ресей бомбалаушы ұшағын атып түсірген тосын оқиғаға берген бағасы, сондай-ақ барлық таласты мәселелерді қарастыру және шиеленісті бәсеңдету үшін екіжақты комиссия құру жөніндегі ұсынысы әлемде зор пікір дүрлігісін туғызды. «Дүниежүзіндегі беделді мемлекет қайраткері болып табылатын Қазақстан Президенті осы тосын оқиғаға орай дана әрі барлық жағынан алып қарағанда орнықты байлам жасады. Ресей ұшағы Түркияға шабуыл жасаған жоқ, оның мақсаты террористермен күресу болатын», - деп атап өтті Қ.Тоқаев.