Қ.Тұрғанқұлов сайлауға қатысушы саяси партияларды «лас» технологиялар қолданбауға шақырды

Оның атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясы 234 кандидатты қамтитын алты саяси партияның тізімін тіркеді. Олардың ішінде 187-сі немесе 79,9 пайызы ер адам және 47 немесе 20,1 пайызы әйел адам. 233 кандидаттың жоғары білімі бар. Әрбір төртіншісі - инженер, ал әрбір бесіншісі экономист немесе заңгер. 67 кандидат (28,6 %) мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 47-сі (20,1 %) - V шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары. Тіркелген кандидаттардың орташа жасы - 52 жас, ал олардың ең жасы - 26 жаста.
20 ақпаннан саяси партиялар үшін сайлауалды үгіт науқаны басталады.
«Осыған байланысты біз сайлауға қатысушы саяси партиялар мен кандидаттарды, сондай-ақ олардың сайлауалды штабтары мен сенім білдірілген адамдарын адал күрес жүргізуге шақырамыз. «Лас» технологияларды қолданбаулары қажет. Өздерінің үгіт-насихаттық іс-шараларын ашық, әділ және транспарентті сайлау өткізу үшін тек қазіргі құқықтық алаң аясында жүзеге асыруы тиіс», - деді ҚР ОСК Төрағасы.