Қ.Тұрғанқұлов: Үгіт жұмыстары заң аясында жүргізілуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті сайлауының үгіт-насихат жұмыстары заң аясында жүргізілуде. Бұл туралы бүгін Украина Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Михаил Охендовскиймен кездескен ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов айтты.
«Бізде өтетін сайлауға сіздердің кәсіби көзқарастарыңыз бен қорытындыларыңыз қызықты. Сайлау науқанының барлық кезеңдерін аяқтауға жақындап қалдық. Бүгін үгіт жұмыстарының соңғы күні»,- деді Қ.Тұрғанқұлов кездесу барысында.
Сонымен қатар ол сайлаушының сайлау учаскесіне келген кезде аты-жөнін таппай қалуына байланысты проблемалардың туындағанын, дегенмен, оны Халыққа қызмет көрсету орталықтарын тарту арқылы шешілгенін атап өтті.
«Бұл сайлау науқанының ерекшелігі үгіт жұмыстары белсенді жүргізілуде. Біз оны барынша тыңғылықты бақылауда ұстап отырмыз. Барлық кандидаттарға тең басымдық берілген. Сайлау науқаны барысында сайлау процесіне қатысушылардың құқығын бұзатын жайтарға байланысты айтарлықтай шағымдар болмады. Бізге 94 өтініш келіп түсті. Оның 47-сі ғана сайлау мәселелеріне қатысты болды. Күрделі мәселелер көтеріле қойған жоқ. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, біз үгіт науқаны заң аясында жүргізілуде деп санаймыз», - деді Қ.Тұрғанқұлов.