Қ.Тұрғанқұлов: Жергілікті мәслихаттар депутаттығына 4870 кандидат ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жергілікті мәслихаттар депутаттығына 4870 кандидат ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Қ.Тұрғанқұлов: Жергілікті мәслихаттар депутаттығына 4870 кандидат ұсынылды

Қ.Тұрғанқұлов мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысы туралы ақпаратты ұсына отырып, жергілікті өкілді билік органдарына дауысқа түсетін азаматтардың жоғары белсенділігін атап өтті. Оның айтуынша, 2012 жылғы сайлау науқанымен салыстырғанда, бұл жолы алғашқы 20 күннің ішінде ұсынылған кандидаттардың саны 2 есеге өскен.

«8 ақпандағы сағат 19-00-дегі мәліметтер бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 4870 кандидат: 581-і - облыстық мәслихаттарға, 21-і - Астана мәслихатына, 95-і - Алматы қаласының мәслихатына ұсынылды. Аудандық мәслихаттарға 3244 кандидат, қалалық мәслихаттарға - 929 кандидат ұсынылды», - деді ол.

ОСК басшысының деректеріне сәйкес, кандидаттардың 69 пайызы - ер адамдар, 31 пайызы әйел адамдар. Олардың 66 пайызының жоғары білімі бар.

«Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 568 кандидатты тіркеді», - деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов.