Қ. Жақыпов: Бүгінгі Қазақстан - ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық ету тәжірибесі жеткілікті бейбітсүйгіш мемлекет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі Қазақстан - ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық ету тәжірибесі жеткілікті ашық бейбітсүйгіш мемлекет. Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Қазақстандық жол: Бірлік. Патриотизм. Реформалар» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің спикері Қабиболла Жақыпов осылай мәлімдеді.

Қ. Жақыпов:  Бүгінгі Қазақстан - ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық ету тәжірибесі жеткілікті бейбітсүйгіш мемлекет

«Сыртқы саясат - бұл ішкі саясаттың жалғасы» деген әділ айтылған нақыл сөз бар. Осы тұрғыдан алсақ, Қазақстанның ішкі саясатындағы базалық құндылықтары біздің еліміздің сыртқы саясат басымдықтарында, бітімгерлік бастамаларында табиғи жалғасын тауып келеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналынан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық сынақ алаңын өз еркімен жапты», - деді жиын барысында сөйлеген сөзінде Мәжіліс Төрағасы.

Сонымен қатар, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі ірі халықаралық бітімгерлік үдерістерге қатысқанын, посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Таулы Қарабақта, Тәжікстан мен Қырғыз елінде тұрақтылықтың сақталуы үшін, сондай-ақ Украинадағы жағдай бойынша келіссөздер үдерісін жолға қою үшін көптеген әрі төтенше маңызды шаралар атқарғанын атап өтті. Бұдан бөлек, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, өзара әрекеттесу мен ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстанда Ауғанстанға көмек жөніндегі Ыстамбұл конференциясы өтті, Иран ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің екі раунды жүргізілді. Жақында ғана Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан «Бітімгершілік қызметтер туралы» заң қабылдады.

«Осы арқылы бүгінгі таңда Қазақстан БҰҰ бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық бітімгершілік миссиясына қомақты үлес қосып келеді. Бүгінгі Қазақстан - ЕҚЫҰ, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы секілді ірі халықаралық ұйымдарда төрағалық тәжірибесі бар, Азиядағы Өзара Іс-қимыл және Сенім шаралары жөніндегі Кеңесті шақыру идеясын табысты жүзеге асырып келе жатқан ашық бейбітсүйгіш мемлекет. Қазақстан өз еркімен Ресей, Қытай, АҚШ, еуропалық Одақ секілді басқа да барлық мемлекеттермен стратегиялық әріптестікті жүзеге асырып келе жатқан мемлекет», - деп атап өтті Мәжіліс спикері.