Қ.Жақыпов: Ұлт жоспарын қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау арқылы біз жаңа экономикалық саясат жағдайында өмір сүретін боламыз

«Бесінші сессия өз жұмысын аса күрделі геосаяси және экономикалық жағдайда бастап отыр. Елбасымыз айтқандай, мұндай ғаламдық экономикалық дағдарысты Қазақстан әлемдік ауқымда да, біздің көрші елдеріміз деңгейінде де тәуелсіздікке қол жеткізгелі бастан кешкен жоқ. Бұл жағдайдың ел экономикасына әсері елеулі. Ағымдағы жылдың сәуір айында Президенттік сайлауды асқынып келе жатқан дағдарыстың алдында өткізіп алғанымыздың арқасында біз еліміздің осы сынақтан лайықты өтуіне мүмкіндік жасадық. Бұл дана саяси шешім бүгінгі таңда мемлекетіміздің ұлттық мүдделеріне қызмет етуде», - деді ол. Қ.Жақыпов өз сөзінде көпұлтты халқымыз бірауыздан дауыс беріп, еліміздің тәуелсіздігін қорғауға және төніп келе жатқан экономикалық дағдарыстан алып шығуға басты кепіліміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа мандат бергенін атап өтті. «Президентіміздің ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі зор беделі мен жоғары тұлғалық қасиеті Ұлы қазақ даласының қорғаны болып отыр. Қазіргі кезде өздеріңіз білетіндей ел басшылығы тарапынан экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың әл ауқатын нашарлатпау, Тәуелсіздікті одан әрі нығайту мен мемлекетімізді жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Ұлт жоспарын қамтамасыз ететін заңдарды қабылдау арқылы біз жаңа экономикалық саясат жағдайында өмір сүретін боламыз. Жаңа қаржы-несие саясаты жүргізіледі. Мемлекет басшысы экономикадағы құрылымдық реформаларды жандандыруға және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға қолдау көрсететін заңдарды қабылдауға тапсырма берді. Бұл шаралар Парламент пен Үкіметтің үйлесімді жұмысын талап етеді. Сол себептен сессияның бірінші күнінен бастап біз қарқынды жұмысты бастауымыз қажет», - деді Мәжіліс төрағасы.