Қабан, бұлғын, елік: СҚО ормандарында аң-құс саны қалай өзгерді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Кейінгі бес жылда Солтүстік Қазақстан облысының ормандары мен даласында қабан көбейіп, бұлғынның қарасы артқан. Ал марал мен түлкі популяциясы тұрақты деңгейде сақталған. Өңірдегі жабайы жануарлардың саны қалай өзгерді?

Қабан, бұлғын, елік: СҚО ормандарында аң-құс саны қалай өзгерді
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Жабайы жануарлар популяциясының санын есепке алу — табиғат қорғау саласындағы маңызды жұмыстардың бірі. Бұл жануарлар дүниесінің жай-күйін бағалап, оларды қорғау, көбейту және ұтымды пайдалану шараларын жоспарлауға мүмкіндік береді.

СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өңірде мұндай мониторинг жүйелі түрде жүргізіледі. Кейінгі бес жылдағы статистикалық деректер жабайы жануарлар мен құстар түрлерінің көпшілігінде тұрақты өсім бар екенін көрсетеді.

Қабан, бұлғын, елік: СҚО ормандарында аң-құс саны қалай өзгерді
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Ең жоғары өсім қабан популяциясында байқалған. 2021 жылы облыста 2 401 қабан есепке алынса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 4 268-ге жеткен. Осылайша, бес жыл ішінде қабан саны 1,7 еседен астам өскен.

Бұлан саны да айтарлықтай артқан. 2021 жылы олардың саны 535 болса, былтыр мамандар 1 307 бұланды санаған.

бұлан
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

Сібір елігінің саны осы аралықта 18 093-тен 22 465-ке жеткен. Қоян саны 24 572-ден 28 492-ге, борсық 5 399-дан 6 607-ге, суыр 17 130-дан 18 793-ке дейін артқан.

Құстар арасында қаздардың саны өскен. 2021 жылы өңірде 63 906 қаз есепке алынса, 2025 жылы олардың саны 70 980-ге жетті.

Сонымен қатар кейбір жануар түрлерінің популяциясы кейінгі бес жылда салыстырмалы түрде тұрақты болған. Мәселен, 2021 жылы облыста 1 661 марал болса, 2025 жылы 1 637 дара тіркелген. Түлкі саны осы кезеңде шамамен 10,3-10,6 мың дара деңгейінде сақталған.

Үйрек популяциясында да айтарлықтай өзгеріс жоқ. Табиғи маусымдық ауытқуларға қарамастан, олардың саны тұрақты деңгейде қалып отыр: 2021 жылы 443 030 дара болса, 2025 жылы 447 820-ға жеткен.

Мамандардың мәліметінше, жануарлар санының оң динамикасына аңшылық шаруашылығы субъектілері мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бірлескен қорғау және биотехникалық шаралары әсер етеді.

Өңірде жабайы жануарлардың тіршілік ету жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Олардың қатарына жануарларды есепке алу, популяцияларға мониторинг жасау және қорғау шаралары бар.

СҚО-да Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды қорғауға да ерекше көңіл бөлінеді. Аңшылық шаруашылықтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жыл сайын есеп жүргізіліп, жануарлардың жай-күйіне мониторинг жасалады. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар барысында заңсыз аулау, жануарларға зиян келтіру немесе оларды жою фактілерінің алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Мамандардың айтуынша, 2025-2026 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енгізілген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарларды заңсыз аулау фактілері тіркелмеген.

Биыл да жануарларды есепке алу жоспарлы режимде қолға алынып, қазіргі уақытта қорытынды деректер жинақталып, бастапқы өңдеу кезеңі жүріп жатыр.

Жинақталған мәліметтер алдағы уақытта табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және СҚО-ның биоалуантүрлілігін ұзақ мерзімге сақтау шараларын жетілдіруге негіз болады.

құс
Фото: СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ғалымдарының мәліметтері бойынша, өңірде кемінде 380-ге жуық омыртқалы жануарлар мекен етеді, оның ішінде сүтқоректілердің 57 түрі, құстардың 283 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 5 түрі, қосмекенділердің 6 түрі, балықтың 30 шақты түрі бар.

Еске салайық, бұған дейін қазақ-жапон ғалымдары елімізде жабайы өсімдіктердің генетикалық қорын зерттеп жатқанын жазған едік.