Қабырғасы жарылып, төбесі көгерген: Қаскелеңдегі мектептің жағдайы ата-аналарды алаңдатты
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында Қаскелеңдегі мектептің жағдайы қызу талқыланды. Билік өкілдерінің мәліметінше, мектепке күрделі жөндеу жүргізу жобасы дайын, алайда әзірге қаржы бөлінбеген.
Әлеуметтік желіде Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы А.С. Пушкин атындағы орта мектептің видеосы тарады.
Кадрларда ғимараттың жағдайы мәз емес екені байқалады. Бейнежазбада мектептің қабырғалары жарылып, төбесі көгергені, едені бүлініп, радиаторлардан су ағып тұрғаны көрсетілген. Санитарлық тораптардың жағдайына да мән беру керек.
Ата-аналардың айтуынша, мектеп бірнеше жылдан бері жөндеуді қажет етеді. Сөздерінше, мектеп аумағында тіпті толыққанды спорт алаңы да жоқ.
Қарасай ауданындағы А. Пушкин атындағы орта мектеп 1964 жылы салынған. Қазір мұнда ерекше қажеттілігі бар 40-тан астам бала білім алады. Жалпы мектепте 1081 оқушы оқиды. Ал ғимарат 640 оқушыға есептелген. Мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.
Қарасай аудандық білім басқармасы мектепке күрделі жөндеу қажет екенін растады. Ведомство мәліметінше, ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу жобасы бір жыл бұрын әзірленген. Енді оны жүзеге асыру қаржының бөлінуіне байланысты.
- Ғимараттың тозуына байланысты күрделі жөндеу жүргізуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. 2025 жылғы қыркүйекте бюджет өтінімі Алматы облысының құрылыс басқармасына жолданды. Қазір жобаны іске асыру үшін қаржы бөлу мәселесі қаралып жатыр, – делінген білім басқармасының жауабында.
Қаржы бөлінгеннен кейін конкурс өткізіліп, мердігер анықталады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мектептерінде 5 мыңнан астам мұғалім жетіспейтіні туралы жазған едік.