14:42, 09 Наурыз 2013 | GMT +5
Кабулдың орталығында жарылыс болды
АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Кабул қаласының орталығында, Ауғанстан Қорғаныс министрлігінің ғимаратына жақын жерде жарылыс болды. Бұл туралы жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері хабарлады, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Қолда бар мәліметтер бойынша, министрлік ғимаратының қақпасына қарама қарсы жерде лаңкес миналанған көлікті жарып жіберді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы әзірше хабарланбайды.
Оқиға АҚШ Қорғаныс министрі Чак Хейгелдің Ауғанстанға сапары кезінде болды. Ауғанстандағы қауіпсіздікке қолдау жөніндегі Халықаралық күштер өкілінің айтуынша, жарылыс кезінде Пентагон басшысы басқа жерде болды.
Хейгел Кабулға 8 наурыз күні келіп, мұнда Ауғанстан Президенті Хамид Карзаймен және Ауғанстандағы қауіпсіздікке көмектесу бойынша Халықаралық күштер командованиесімен келіссөздер өткізбекші болды.