Қабылданған шараларға қарамастан, стратегиялық тауарлардың импорттық көрсеткіштері әлі де жоғары - М. Көпей
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы уақытқа дейін де отандық өнімнің бәсекеге қабілеттігін қамтамасыз ету, отандық экономиканың импортқа тәуелділігін еңсеру, өндірістің техникалық деңгейін арттыру бағдарламалары жүзеге асып келді. Алайда, өкінішке қарай әртүрлі объективті және субъективті себептерге байланысты бұл шаралар толық көлемде іске аспай отыр. Мәселен, 2001 жылы жеңіл және тамақ өнімдері саласында импорт алмастырудың 2001-2003 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген. Оны іске асыру арқылы тамақ өнеркәсібінде отандық өнімнің үлесін ішкі тұтынымда 85 пайызға, ал жеңіл өнеркәсіпті 55 пайызға дейін жеткізу жоспарланған еді. Сондай-ақ, 2007 жылы белсенді экспорттық саясатты жүргізуді кезең-кезеңімен тұрақты дамытуды, ғылымға негізделген экономиканы нысанаға алған 2008-2015 жылдарға арналған тұжырымдама мақұлданған болатын. Бұның мақсаты ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, сапалы жаңа деңгейге, экспорттық мүмкіндіктерге жету болатын. Қабылданған осындай шараларға қарамастан, стратегиялық тауарлар, оның ішінде азық-түлік импортының ағымдағы көрсеткіштері әлі де жоғары болып отыр», деді М. Көпей.