Қабылданған заң жобасының бір міндеті - көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - Кеше Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдады.

Қабылданған заң жобасының бір міндеті - көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Заң жобасы «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Елбасының 2010 жылғы 17 тамыздағы № 1039 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.

Бұл Заң жобасын қабылдаудың және бір мақсаты - көлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу жүйесінің тиімділігін арттыру болып табылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуді лайықты техникалық байқау желілері бар жеке орталықтар жүргізеді.

Бұл ретте, аталған орталықтардың жол қозғалысының қауіпсіздігіне және экологияға тікелей әсерін тигізетін тежеуіш жүйесі мен рульдік басқарудың, аспалы элементтер мен атмосфераға шығарылатын зиянды заттардың тиімділігі секілді параметрлерді автоматты түрде анықтайтын техникалық байқаудың стационарлық және мобильді желілері болуы шарт.

Сонымен бірге, республикада мамандырылған техникалық байқау желілерінің қажетті санының болмауына байланысты 1 жылға, яғни 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін өтпелі кезең қарастырылған.

Көрсетілген мерзімге дейін техникалық байқауды жол полициясы органдары да, сондай-ақ жекеменшік техникалық байқау орталықтары да жүргізеді.

Мобильді желілердің жұмыс істеуі тіркелген көлік құралдарының аздығына байланысты стационарлық желілерді ұйымдастыру тиімсіз болып табылатын ауылдық өңірлер мен аудандарды қамтуға мүмкіндік береді.

Ұсынылған Заң жобасының техникалық байқауды өткізу тәртібі техникалық байқаудың халықаралық сертификатын беруді қарастырған. Ондай сертификаты бар отандық операторлар Вена Келісіміне қатысушы елдердің аумағында жүк және жолаушылар тасымалын кедергісіз 38 елде жүзеге асыра алады (Еуроодақ елдері, Ресей, Беларус, Украина және т.б.).