Қабылданған заңдардың шикілігінен оларға өзгертулер мен түзетулер жиі енгізіледі - сенатор Қ. Айтаханов

АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Бюджеттік кодекс «проходной двор» ма? Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Бюджет кодексіне енгізіліп жатқан өзгерістерді сынға алған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлімдеді. Еске салсақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
None
None

Сөз арасында депутат Елбасы ұдайы Парламент пен Үкіметтен сапалы заң қабылдауды талап етіп келе жатқанын, алайда қабылданған заңдардың шикілігінен оларға өзгертулер мен түзетулер жиі енгізілетінін атап өтті. «Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Ол тұрақты даму үстінде болғандықтан қолданыстағы заңнамалар жаңарып тұруы заңды. Алайда, Парламентке келіп түсетін заң жобалары терең зерделенбей, жетілмей келіп жатыр. Мұның өзі қабылданған заңдардың жұмыс істеуіне кері әсерін тигізіп, азаматтардың заңға деген сенімсіздігін арттырады», - дейді Қ. Айтаханов. Бұл ретте сенатор 2009 жылы қабылданған салық кодексін алға тартып, аталмыш кодекске 3 жылдың ішінде 69 рет толықтыру енгізілгенін алға тартты. Депутаттың айтуынша, салық жүйесіндегі тұрақсыздық салық төлеушілердің наразылығын тудырып, елімізге инвестициялардың келуіне кері әсерін тигізеді. «Ал бүгінгі талқыланып отырған Бюджет кодексіне төрт жыл ішінде 42 рет өзгеріс енсе, соның 10-ы биылғы жылдың еншісінде. Бүгін тағы өзгеріс енгізіп отырмыз. Жарты жылдан кейін министр Досаев тағы бір құшақ әкелем деп отыр. Сонда не Бюджет кодексі «проходной двор» ма?», - деді сенатор.

Бұл ретте тоқсан сайын кодекске өзгеріс енгізілсе, одан еш абырой қалмайтынын, тіпті бара-бара азаматтар оны басшылыққа алудан қалатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар