Қадағалау шараларының әлсіздігінен браконьерлік әрекеттер өрши түсуде - үйлестіру кеңесінің отырысы
АСТАНА. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде браконьерлік әрекеттер күннен күнге дамып, олардың арасында асқан ұйымшылдық байқалады.
Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада еліміздің құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында көтерілген мәселелер жөнінде журналистермен кездескен Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, браконьерлік әрекеттердің қанат жаюына елімізге әкелінетін және сырқа әкетілетін балықтарды тасымалдау тәртібінің қадағаланбауы себеп болып отыр. Сондай-ақ республикамызда уылдырық өнімдеріне дұрыс белгі салынбайды және су көліктерінің жүрісі де оларды бақылайтын органдардың назарынан тыс қалуда. Сонымен қатар, балық аулауға арналған құралдарды шығаруға немесе олардың шет елдерден әкелуге белгілі бір шектеудің жоқтығы да үлкен проблеманың туындауына себеп.
Н.Сүйіндіковтың Шекара қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып келтірген мысалдарына қарағанда, соңғы 3 жылда шекарашылар 800-ден астам браконьерді қолға түсірген. Сондай-ақ олар 300-ге жуық суда жүзетін көліктер мен ауларды, бірнеше тонна уылдырық пен ондаған тонна бекіре тұқымдас балықтарды тәркілеген.