Каддафидің әскері Триполидегі отелде 35 шетелдiк журналисті ұстап отыр
АСТАНА. 24 тамыз. ҚазАқпарат - Ливия көсемі Муаммар Каддафидің сенімді әскерлері Триполи отелдерінің бірінде 35 шетелдiк журналисті күшпен ұстап отыр,
деп хабарлайды Корреспондент.net.
Әл-Арабия телеарнасы хабарлағандай, журналистер Риксос қонақүйіне 23 тамызға қараған түні Каддафидің ұлы Сейф әл-Исламның үндеуінен кейін қамалған.
Журналистердің сөзіне қарағанда, оларға әл-Исламмен бірге көшеге шығуға, оны суретке және бейнетаспаға түсіруге, бұл туралы ақпарат таратуға рұқсат етілген. Кейін БАҚ қызметкерлерін отелге кері шақырып алады. Содан бері олар қонақүйден шыға алмауда.
Қазіргі таңда журналистер тамақ пен ауызсудың жоқтығына, сондай-ақ кәсіби қызметін іске асыруға мүмкіндіктің болмауына байланысты арызданып жатыр. Олар қонақүйден шығуға әрекеттенген кез келген адамды ажал оғы күтіп тұрғанын айтуда.