«KADEX-2010» І Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесі ашылады
Ашылу рәсіміне ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдолла Гүлдің қатысуы жоспарланған. Бұл туралы аталған көрменің ашылуына арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Қорғаныс вице-министрі, генерал-майор Талғат Жанжүменов айтты.
Аталған шараға әлемнің 20 елінен 200-ге жуық компания қатысып, ІТ-технологиялар, байланыс, тылдық мүліктер, медицина, сондай-ақ инфрақұрылым мен құрылыс бөлімдері бойынша қару-жарақ және әскери техника саласындағы жетістіктермен таныстырады.
«Экспозицияның басым бөлігін, атап айтқанда 100-ден астам стендтерде қазақстандық бизнес өкілдері Қазақстанның Қарулы Күштері қажеттігі үшін шығарылатын өнімдерді ұсынады. Бұл өнімдер тылға қажетті заттардан бастап, әскери техникалардың жетілдірілген үлгілері», дейді қорғаныс вице-министрі.
Оның атап өтуінше, көрменің негізгі мақсаттарының бірі - отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктеріне және Қазақстан Қарулы Күштерінің қажеттілігіне сәйкес олардың даму болашақтарына талдау жасау, сонымен қатар армияны заманауи техникалармен жарақтандыру үшін қару-жарақ әрі арнайы жабдықтарды өндіретін шетелдіктерді елімізге тарту.
Көрмеге Ресей, Австрия, Бларус, Болгария, Ұлыбритания, Испания, Италия, Қытай, Корея, Словакия, Түркия, Украина, Франция, Чехия сынды елдердің кәсіпорындары қатысатындығын атап өткен Т.Жанжүменов «Қазақстан қорғаныс ведомствосының басшысы Әділбек Жақсыбековтің шақыруымен бірқатар мемлекеттердің қорғаныс министрлері және Ресей, Беларус, Украина елдерінің ірі қорғаныс-өнеркәсіп компанияларының басшылары қатысады», деп қорытты сөзін.
Көрме мамырдың 29-ына дейін жалғасады.