Қадір кешінде ой, ниетіңіздің баршасы бір Аллаға ықыласты болуы керек - наиб-мүфти

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, шілденің 13-нен 14-не қараған түні жылдың ең құнды, ең қасиетті түні - Қадір түні болады. Осыған орай, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Серікбай қажы Ораз тілшілерге сұхбат беріп, жамағатқа өзінің үндеуін жария етті.

Қадір кешінде ой, ниетіңіздің баршасы бір Аллаға ықыласты болуы керек - наиб-мүфти

«Бүгін Адамзат үшін, Мұсылман баласы үшін аса маңызды жылына бір рет келетін, өте сауапты түн - Қадір кеші болады. Қасиетті Құранда: «Қадір түнінде Құранды түсірдік, игілікте сауабы мың айдан артық» деп аяттарда баян етіледі. Пайғамбарымыздың хадисінде Алланың Елшісі расулуллаһ: «Қадір түні менің үмметіме ерекше құрметпен берілген, өйткені Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.ғ.с) алдыңғы үмметтерде мұндай бір түнде мың айға лайықты игілікке кенелетін хайыр мен берекеттің болмағандығы» айтылады. Пайғамбарымыздан алдыңғы үммет бұрынғы пайғамбарлардың кезіндегі ұрпақтың ғұмыр сүру жасы едәуір ұзын болады екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз үмметі мен өзінен кейінгі ұрпақтың жасы, ғұмыры қысқа болғандықтан, Алланың құлшылығына, тәубе етуге уақыт өте аз болып қалатындығына ол кісі қатты іштей толғанатын, сол сәтте Алладан Құранның осы аяты түсіп, Қадір кеші Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) үмметтеріне сый ретінде берілген», - дейді наиб-мүфти.

Оның айтуынша, бұл түні аспан айқара ашылып, мыңдаған періштелер Алланың құдыреті бойынша жерге түседі.

«Алланың елшісі пайғамбарымыздың хадисінде былай деп айтылады: «Кімде-кім Қадір түнін шынайы сеніммен, ықыласпен, бір Алланың ризалығына бөлену үшін ниетпенен, құлшылықпен өткізсе, оның бұрынғы күнәларын Алла Тағала кешіреді». Енді осыған өзіміз бір зер салып, қарап көрсек. Мың ай дегеніміз - игілікте 83 жыл саналы ғұмыр кешкен, үзіліссіз, тоқтаусыз өмірін ғибадатпен өткізген адамның саналы ғұмыры. Осы игілікті бір түнде беретін игілікте қандай мағына жатыр. Бұның сауабындағы мәселе, демек, Алла Тағала бұл күні аспан есіктері айқара ашылып, Алланың әмірін орындайтын періштелер жерге түсіп, кісілердің іс-амалдарын бақылайды. Біз қандай ойда жүрміз, біздің көңілімізде, жүрегімізде тұрған дүниелердің баршасы - Аллаға аян», - деп атап өтті бас имам.

Жасырын емес, адамдардың бір бөлігі Қадір түнін қалай өткізу керектігін толық білмейді. Осыған байланысты Серікбай қажы Ораз, осы түні жасалатын іс-амалдарға да тоқталды.

«Қадір түнін біз қалай өткізуіміз керек?! Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазан айының соңғы 10 күнін ерекше, елден оқшауланып, құлшылықта өткізетіні жайында Айша анамыздан риуаят етілген хадисі бар. Онда: «О, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұғаларды жасағаным абзал болады» деп сұрады. Сонда Айша анамыз: «Уа, Алла, Сен тым кешірімдісің! Кешіргенді, жарылқағанды жақсы көресің! Біздің күнәларымызды ғафу етіп, осы Қадір түнінің құрметіне кешіре гөр!» деген дұғаны жасау керек деген екен», - деді қажы.

Оның сөзіне қарағанда, Алла Тағала адамзатқа осындай игілікті берген Қасиетті Құранның бүгінгі соңғы дұғасы осы Қадір түніне сәйкес келіп отыр.

«Сондықтан жамағатымыздың осы кеште уақыл, ой, ниетіңіздің баршасы бір Аллаға ықыласты болуы керек. Үйде өткізуге де болады. Мешітке бару шарт емес. Ең бастысы - осы түнде басқа дүниәуи тіршіліктің баршасын бір сәтке тәрк етіп, жан-дүниеңіз Алланың құлшылығымен байланысып тұруы керек. Алланы зікір етуі керек. Осынша шексіз құдыреттің иесі болған, біздің ақыл-парасатымыз да жетпейтін тіршілікке бір сәт көз жүгіртіп және өзіміздің жүрегімізге тыныштық беріп, иманды күшейтуіміз керек екен. Қадір түнінде өткен оқылмай қалған намаздар, өткен әттеген-ай тіршіліктегі қандай да бір пендешіліктерімізді, қателіктерімізді зерделей отырып, Алладан содан тәубе тілейтін болсақ, Алла сол тәубелерімізді, дұғаларымызды қабыл етеді»,- деп жалғады С.Ораз.

«Қадір деген сөзді біздің халқымыз да ерекше құрметтейді. Бардың қадірі, Алланың берген жақсылық-игіліктің қадірі. Адамзат дегеннің өзі ұмытшақ келеді. Басындағы болған қиындықты да әп-сәтте ұмытып кетеміз, болып тұрған жақсылықтың да қадірін білмей ұмытып жатамыз. Бұл Қадір - сол Алланың берген игіліктеріне қадірін жасап, сараптай отырып, болашаққа жақсы үміт ету. Болашағым жарқын болсын, жанұям аман болсын, Аллам бақытқа бөлеп, қандай ой-мақсаттарым болса, орындалсын деген тілек-ниет болса, ол осы кеште Иншаллаһ Алла қабыл етіп, орындалады, ниеттер қабыл болады. Бүгінгі сәтті пайдалана отырып, жалпы Қазақстан мұсылмандар қауымын Қасиетті Рамазан айындағы Құран түскен Қадір кешімен, осы Қадір түнінде Алланың ерекше мейірімге бөлеген, кешірім мен рақым кешімен шын жүректен құттықтаймын! Елімізге, жұртымызға амандық берсін! Қадір түніндегі құлшылықтарымыз қабыл болсын! Мұратымыз асыл болсын, келер жылы осындай жақсы ай, жақсы күндерде аман-есен жете беруді Алла баршамызға нәсіп етсін!», - деп түйді сөзін наиб-мүфти.